Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ КМК «Геолог емханасы»

0
Жүкті әйелдің күтімі

Жүктілік кезеңде әйелді үміт пен қорқыныш қатар билеп, өзін қиял-ғажайып бір сапарға шыққандай сезінеді. Құрсағының түбінде лүпілдеген тірі жанның жетілуі әр ананы мейірім, шапағат секілді сезімдермен көркейте түседі.

 

Жүктілік 16 жастан кіші, 35 жасынан асқан әйелдерде ерекше бақылауды қажет етеді. Көктем кезінде жүкті болған әйелдер денсаулығына, тамағының нәрлілігі мен ұйқысының қанық болуына көп көңіл бөлуі керек. Күз мезгілі жүктіліктің ең қолайлы кезеңі десек те болады, адам ағзасында жазда витамин қоры жиналып, жүктілікке байланысты өзгерістерге үйренісу көбінесе суық айларда жеңілірек болады. Жалпы жүктілік соңғы етеккір келген күннен бастап орташа есеппен 280 күн, яғни 40 аптаға созылады.

 

Жүктіліктің 3 кезеңі. Жүктілік мерзімінің алғашқы 0-13 аптасы алғашқы кезең, 14-26-ші апталар орта кезең, 27-ші аптадан туғанға дейінгі кезең соңғы болып 3 кезеңге бөлінеді.  Алғашқы кезеңде денсаулыққа немесе түрлі жағдайларға байланысты түсік қаупі кезігеді. 13-ші аптада 30 граммдай ғана тартатын шарананың басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкі мүшелері, тіпті тіс төмбешіктері де болады. Алғашқы апталарда-ақ оның жүрегі соға бастайды, осыншама өзгеріс пен өте тез даму қарқыны болашақ ананың бапты күтімін керек етеді. Орта кезең көбінесе ең жайлы кезең секілді. 1000 граммға дейін өсетін баланың кірпік, қас, тырнағы өсіп, тыныс алу мүшелері, жыныстық мүшелері дамиды. Ең бірінші қозғалысын анасы осы кезеңде сезеді, алдағы уақытта тебуі, аунап түсуі жиілей түседі. Бұл кезеңде бойы 35 см-ге дейін жеткен нәресте ұйықтап, жұтынып, тіпті кіші дәреті пайда болады. Болашақ ананың екінші кезеңнің соңына қарай дене салмағы 7-8 кг  қосуы қалыпты саналады. Бұдан көп болса, дәрігеріңізбен кеңесуіңіз керек. Себебі, салмақ қосатын күндеріңіз әлі алда, соңғы кезеңде ананың аяғы күннен-күнге ауырлай түседі, бұл кезең - баланың жатырдағы даму барысын тәмамдайтын, қарқынды түрде өсетін кез. Орташа есеппен нәресте 3-4 кг, 50-55 см болып туылады, орта салмақты аналар үшін 10-14 кг қосу қалыпты саналады. 32-ші аптада бала туылатын жағдайға бейімделіп, яғни, басы төмен орналасады.

 

Дәрігерге көріну. Жалпы жүкті әйелдер тіркелмеген болса да, тұратын жеріне қарасты учаскелік емханаға есепке алынады. Учаскелік дәрігеріңізге көрініп, акушер-гинекологқа есепке тұрасыз. Алдыңғы балалар шетінеген, түсік тасталған болса немесе қандай да бір гормондық, генетикалық үйлесімсіздіктің туындауынан секемденген жағдайда жоғары технологиялық мүмкіндіктері бар, жақсы жабдықталған арнайы мекемелерге қосымша қаралған артық болмас. Жүктіліктің белгілі уақыттарында қажетті анализ, тестер арқылы баланың жатырдағы даму барысын, проблемаларды бақылауға болады. Ерте диагностика қай кезде де алдын-алу шаралары үшін ең маңызды қадам болып табылады.

 

Ультра дыбыстық зерттеу УДЗ (УЗИ). Жүктілік мерзімі барысында әр кезеңде бір рет, яғни жүктіліктің қалыпты дамуы жағдайында   дәрігердің шешімімен бас-аяғы үш рет баланың ультра дыбыстық зерттеу жасату жеткілікті болып табылады. Қаншалықты зиянсыз деп танылғанмен керексіз жасата беру де жөнсіз. Белдің тартуы, іштің төменгі жағының ауыруы секілді белгілер байқалса немесе басқа да жағдайларға байланысты қажет деп тапса, акушер-гинеколог УДЗ нәтижесін талап етуі мүмкін.

 

Тамақтану. Алғашқы кезеңде жүкті әйелде жеріктік байқалуы мүмкін. Аяқ астынан талғампаз немесе жиіркеншек болып кетеді. Бұл жағдай отбасыңызда да туындар болса, болашақ ананы түсіністікпен қабылдап, жағдай жасауға тырысу керек. Адамдар күнделікті 2000 калория керек ететін болса, жүкті әйелдерде бұл көрсеткіш 2500-2800 калория шамасында болады. Алғашқы кезеңнен бастап өз ағзасы талап еткен, қалаған астан жеуі, құнарлы тамақтар, сүт, айран, сүзбе секілді ағарған, дәнді дақылдар, ет, балық, теңіз өнімдерінен мол пайдалану керек. Көп тамақ жеу міндетті емес, аз-аздан болса да құнарлы, жиі тамақтансаңыз жеткілікті.  Жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін ас мәзіріне кеңінен қолдану, әсіресе жергілікті өнімдерді сатып алуға көңіл бөлген жөн, жемістердің түріне емес, нәрлілігіне көңіл аудару керек. Көктемгі уақытта жаңа шыққан көкөністерді пайдалануға тырысу, әсіресе, өткен жылғы картоп, асқабақ секілді көкөністерден бас тарту қажет. Жалпы өте майлы немесе өте ащы аспен, консервантты дайын тамақтармен, кофе, кола, тәттімен көп әуестенбеген жөн. Темекі тартпақ түгілі, тартқан адамдардың қасында отырған дұрыс емес. Ішімдік, нашақорлық баланың денсаулығын тікелей зақымдайтыну.

 

Витаминдер, минералдар және дәрі –дәрмек. Витаминдер мен минералдарға келсек, денсаулығы жақсы аналардың дұрыс тамақтануы, яғни ас мәзірінің түрлілігі, витаминдер мен минералдарға бай ет, сүт, дақыл мен көкөніс түрлерін кеңінен қолдануы жеткілікті саналады. Балаңыздың даму барысына әсер ететіндіктен, витаминдер қажет мөлшерден аз болмауы керек. Әйтсе де ұмытпағайсыз, ғылым шамадан тыс витаминнің зияндылығын да дәлелдеп отыр. Дәрігерден ақысыз болса да берілген дәрілер туралы сұраудан ұялмаңыз, денсаулығыңыз үшін ең алдымен өзіңіз жауаптысыз. Қандай да болмасын витамин, дәрі-дәрмек тек қана дәрігер бақылауында қабылданады. Тіпті бас аурудың, тұмау дәрілерінің немесе мазьдардың да плацентадан балаға өту қаупі болуы мүмкін, сондықтан қай дәрігерге болмасын, көрінген жағдайда жүкті екендігіңізді айтып ескертіңіз. Дәрі міндетті түрде қабылдануы керек жағдайда ең қауіпсіз түрін іздестіріңіз, мүмкін оңтайлы фитотерапия немесе басқа әдістерді қолдану жеткілікті болар.

 

Жұмыс және демалыс. Жұмыс істейтін жүкті әйелдің күтімі, тамағы жақсы болуы керек. Зиянды  делінген ортадаларда –компьютермен, улы заттармен, сәуле-газдармен жұмыс немесе ауыр өндірістерде, құрылыста, күні бойы аяқта тұратын жұмыстарда жүкті әйелдің жұмысын жалғастыруы жөнінде дер кезінде оңды шешім шығару керек. Ал үйде отырған әйелдердің керексіз кикілжің, болымсыз ойлардан алыс болғаны жөн. Бөлмеңізді теледидар, компьютер секілді зиянды сәулелі заттардан арылтыңыз. Демалыс жақсы ұйқы, жеңіл душ (ыстық ваннаға түсуге болмайды!),  таза ауада серуендеу, көңіл-күйіңізді көтеретін ойындар пайдалы болмақ.

 

Киім жайлылығы. Алғашқы 4-5 айда арнайы киімге қажеттілік болмағанмен, 5 айдан кейін киіміңіздің тарыла бастағанын сезесіз. Жүкті әйелдің өзін жақсы сезінуі үшін арнайы, әдемі, жарасымды киім киуі керек. Жүкті әйелдің киімі белі жоғары әрі кең тігілген, кеудесі қыспайтын, қозғалысқа ыңғайлы болуы дұрыс. Матасы мақта, бөз секілді табиғи өнімдерден, яғни мүмкіндігінше, синтетикалық бұйымдарды қолданбаған жөн. Аяқ киімі жайлы, жайдақ келуі тиіс, әсіресе алғашқы және соңғы кезеңдерде биік өкшелі аяқ-киім  кимеңіз.

 

Жаттығулар мен курстар. Жүктілік кезінде шаршап болдырудың дұрыс болмағаны секілді, түк қимылдамай, жатып алу да теріс әрекет. Әр кезеңге байланысты арнайы жаттығулар жасау керек. Бұл тіпті босану кезінде пайдалы болып табылады, әрекетсіз әйелдердің толғағы ұзағырақ болады, босану барысында бұлшық еттерге күш түсіп, келеңсіздіктерге душар болуы ғажап емес. Жүктіліктің соңғы кезеңінде босану барысын жеңілдету, жаттығулар белгілеу, жалпы мағлұмат беру мақсатында емханаға келіп, арнайы курстардан өтіңіз.